Бисмиллаһи-р-рахманир-рахим Қайыр-рақымы мол Алланың атымен бастаймын!
Қанша мақтау бір Құдай табарак уа тағалаға лайық. Ол лайықтығында ешбір зат, мақлұқта теңдесі жоқ. Бұл — үстіміздегі шет-шегі жоқ көк, күндіз болса, дүниені жарық еткен күн, кеш болса, күлімсіреп тұрған ай, жұлдыздарменен, бұл — дүниені айналып жатқан шеті жоқ мұхит, теңіздері һәм таулардан таза жауһардай жылтырап аққан өзендері, ішінде неше алуан мақұлықтар, балықтарыменен, астымызды біздің дүниеміз атанған жер — қазып қарасақ, астында алтын, күміс, мыс, бақыр теміріменен және үстінен қарасаң, алыстан тұманданып көрінген, ішіне кірсең жапырақтары жайқалып, дүниеге хош иістер жайған биік орман ағаштар, алуан-алуан шешектеріменен желкілдеп шыққан неше - неше түрлі көк шөптер, гүл-жапырақтары һәм неше алуан дәмді дәру не тамақ болатын тұқымдарыменен, мәселен, бидай, тары, алма, жүзім, рәуішті, қырда, орманда, теңізде неше-неше түрлі жаратылған алуан-алуан мақұлықтар — өрмелеген тышқаннан бастап, таудай биік пілдерге шейін, кішкентай ғана құрт шабақтан бастап, ұзын бойы он саржан, ауырлығы жеті-сегіз мың пұттаған балықтарға шейін, кішкентай ғана шымшықтан, сайрап тұрған сандуғаштардан бастап, қой мен бұзауларды алып ұшуға жарайтын бүркіттерімен соншама зат, мақұлықтың бәрін де Құдай берген ақыл-хайламен жинап алып, өз пайдасына жаратып, неше түрлі һәм неше жүз, һәм мың түрлі патшалы, патшасыз жұрт болып тұрған адамзаттар — мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ ұқсасы жоқ бір Құдайдың барлығына, бірлігіне кәміл жаратушы халық—қадір екендігіне дәлел болса керек. Оның үшін мұншама ғажайып ойлап, ақыл жетпейтін естір һәм зат мақлұқаттар бір Құдайдың «бол» деген жалғыз бұйрығымен болғандүр.
|